«Қазіргі уақытта БЖЗҚ-ның зейнетақы активтерін инвестициялаудың 2017 жылға арналған бағыттары бойынша ұсыныстар Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын басқару жөніндегі кеңес мүшелерінің қарауында жатыр», - деп хабарлады журналистерге арналған брифингте «БЖЗҚ» АҚ Директорлар кеңесінің Төрағасы Дина Ғалиева.
«2017 жылы БЖЗҚ-ның зейнетақы активтерін мынадай үш негізгі бағыт бойынша инвестициялау жоспарланып отыр: Қазақстан Республикасының мемлекеттік бағалы қағаздарын сатып алу; зейнетақы активтерінің портфелін әртараптандыру және шетелдік нарықтарда инвестициялау мақсатында шетел валютасын сатып алу, сондай-ақ «Нұрлы жер» бағдарламасын іске асыруды қоса алғанда, Қазақстан экономикасының жобаларын қаржыландыру», - деп түсіндірді Д.Ғалиева, сонымен бірге ол «зейнетақы активтерін инвестициялау нарықтық пайыздық мөлшерлемелер бойынша жүзеге асырылатынын да» атап өтті.
Сонымен бірге, «БЖЗҚ» АҚ Директорлар кеңесінің Төрағасы «халықаралық қаржы нарықтарындағы сияқты Қазақстан нарығында да инвестициялық тәуекел деңгейі әр түрлі қаржы құралдарының бар екендігін» айтты. Оның айтуынша, ішкі нарықта қаржылық жағдайы орнықты, айтарлықтай сенімді эмитенттер бар. Басқа жағынан алғанда, зейнетақы активтерінің бір бөлігін қазақстандық эмитенттердің қаржы құралдарына инвестициялау қаражатты Қазақстан экономикасының түрлі жобаларын қаржыландыруға жіберуге мүмкіндік береді, - деп толықтырды ол.
«БЖЗҚ-ның зейнетақы активтері Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын басқару жөніндегі кеңес мақұлдаған бағыттар бойынша нарықтық талаптармен инвестицияланады», - деп қорытындылады Д. Ғалиева.