Бүгін Алматы қаласында «БЖЗҚ» АҚ-тың Директорлар кеңесі өтті. Бұл жөнінде бүгін БАҚ-қа арналған брифинг барысында БЖЗҚ Директорлар кеңесінің Төрағасы Дина Ғалиева хабарлады.
Оның айтуынша, күн тәртібінде екі мәселе көзделді. Біріншісі – «БЖЗҚ» АҚ-тағы ішкі бақылау жүйесін күшейту туралы. Кеңесте қордың ішкі бақылауға, меншікті активтерді инвестициялауға және ішкі аудит қызметіне жауап беретін бөлімшелерінің басшылары тыңдалды. «Қоғамдық талқылауды туғызған мәмілені директорлар кеңесі неге қарамады деген мәселеге қатысты түсіндіре кетейін: көлемі бойынша ол қордың меншікті активтерінен 25%-дан аспады. Яғни, «Акционерлік қоғамдар туралы» Заңға және БЖЗҚ жарғысына сәйкес, бұл көрсеткіштен асатын операциялар директорлар кеңесі қарауға тиіс ірі мәміле болып табылады. Талқыланып отырған инвестиция қордың меншікті активтерінен 5,1%-ды құрады», - деді ол.
Сонымен бірге Д. Ғалиева Директорлар кеңесінің бөлімшелердің басшыларын тыңдап, ішкі бақылау жүйесінде белгілі бір кемшіліктерді анықтағанын атап өтті. Осыған орай «БЖЗҚ» АҚ Басқармасына ішкі бақылау жүйесін реттейтін қолданыстағы құжаттарға өзгерістер мен толықтырулар енгізу тапсырылды. Атап айтқанда, бұл өзгерістер «БЖЗҚ» АҚ-тың құрылымдық бөлімшелерінің іс-әрекеттерін үйлестіруді жетілдіруге бағытталған, деп нақтылады Д. Ғалиева.
«Мен, Ұлттық Банк Төрағасының орынбасары ретінде, қордың Директорлар кеңесіне реттеушінің ҚРҰБ-ның сенімгерлік басқаруына «БЖЗҚ» АҚ-тың меншікті қаражатын беру туралы шешім қабылдағанын хабарладым», - деп жалғастырды Д. Ғалиева. – Күн тәртібінде сондай-ақ «БЖЗҚ» АҚ-тың Басқарма төрағасын тағайындау туралы мәселе тұрды. Бірауыздан Нұрбүбі Серікқажықызы Наурызбаева Төраға болып сайланды».
Осы уақытқа дейін Н. Наурызбаева ҚР Ұлттық Банкінің Ішкі аудит департаментінің директоры болғанын атап өтеміз. Оның қаржы саласындағы өтілі 33 жыл, «Қаржы қызметінің үздігі». Нұрбүбі Серікқажықызы Қазақстанның тұрғын үй жинақтары жүйесінің дамуына елеулі үлес қосты, ондай жүйе ТМД елдерінде жоқ. Ол Тұрғын үй құрылыс жинақ банкін құрып, 10 жыл сол банкті табысты басқарды», - деп қорытындылады Д. Ғалиева.