Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі 2018 жылғы 3 айдың қорытындысы бойынша МҚҰ[1] барынша жиі жол берген микроқаржы ұйымдарының қызметтерін тұтынушылардың құқықтары мен заңды мүдделерін бұзушылықтарға мониторинг және талдау жүргізді.
МҚҰ-ға қатысты анықталған бұзушылықтар қорытындысы бойынша 13 санкция мен шектеулі ықпал ету шаралары қолданылды, оның ішінде:
- айыппұл салу және өндіріп алу түрінде 5 санкция ("Қарағанды Микроқаржы" микроқаржы ұйымы" ЖШС, "Экспресс қарыз" микроқаржы ұйымы" ЖШС және "Ақсай" МҚҰ" ЖШС);
- 8 шектеулі ықпал ету шарасы, олардың ішінде 8 жазбаша ұйғарым ("Абзал-Кредит" микроқаржы ұйымы" ЖШС, "SM-INVEST" МҚҰ" ЖШС, "Азия кредит қоры" МҚҰ" ЖШС, "Инкар & S" микроқаржы ұйымы" ЖШС, "Теньгофф" МҚҰ" ЖШС, "Ақсай" МҚҰ" ЖШС, "Орал" микроқаржы ұйымы" ЖШС және «Инкар & S» микроқаржы ұйымы" ЖШС).
Жүргізілген талдаудың нәтижелері МҚҰ мынадай:
- Микрокредит беру туралы шарттың Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес келмеуіне ("Абзал-Кредит" микроқаржы ұйымы" ЖШС, "Теньгофф" МҚҰ" ЖШС, "Ақсай" МҚҰ" ЖШС, "SM-INVEST" МҚҰ" ЖШС, "Экспресс қарыз" микроқаржы ұйымы" ЖШС, «Инкар & S» микроқаржы ұйымы" ЖШС);
- Ұлттық Банктің тиісті рұқсатынсыз кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруына ("Қарағанды Микроқаржы" микроқаржы ұйымы" ЖШС);
- ЖТСМ[2] шекті мөлшерінің артуына ("Қарағанды Микроқаржы" микроқаржы ұйымы" ЖШС);
- микрокредит беру қағидаларын қарыз алушының көруіне және танысуына арналған орынға орналастыру тәртібінің бұзылуына ("Орал" микроқаржы ұйымы" ЖШС);
- кредиттік бюроға дәйексіз мәліметтерді беруіне ("Экспресс қарыз" микроқаржы ұйымы" ЖШС, "Ақсай" МҚҰ" ЖШС) байланысты бұзушылықтарға жол бергенін көрсетті.
Микроқаржы ұйымдарының қызметтерін тұтынушылардың қандай да бір микроқаржы ұйымына шолу жасауы және олар көрсететін қызметтердің тиімділігі мен сапасын дербес айқындауы үшін Ұлттық Банк өзінің ресми интернет-ресурсында (www.nationalbank.kz) МҚҰ-ға қатысты қабылданған шаралар туралы ақпаратты орналастырады.
Қаржылық сауаттылықты арттыру және МҚҰ-ның қазіргі, сол сияқты әлеуетті клиенттерінің заңды құқықтары мен мүдделерінің бұзылуына жол бермеу мақсатында Ұлттық Банк төмендегілер туралы хабарлайды.
1.Микрокредит беру туралы шарттың мазмұнына қойылатын міндетті талаптарға қатысты.
ҚР АК[3] 383-бабының 1-тармағына сәйкес шарт тараптар үшiн оны жасасу кезiнде қолданылып жүрген заңдармен белгiленген мiндеттi ережелерге (императивтiк қалыптарға) сәйкес келуге тиiс.
МҚҰ туралы заңның 4-бабының 3-тармағына сәйкес Микрокредит беру туралы шартта:
1) МҚҰ атауы мен қарыз алушы - жеке тұлғаның тегi, аты және әкесiнiң аты (ол бар болса) немесе қарыз алушы - заңды тұлғаның атауы;
2) берiлген микрокредит сомасы;
2-1) микрокредит беруге және оған қызмет көрсетуге байланысты алуға жататын комиссиялар мен өзге де төлемдердің толық тізбесі, сондай-ақ олардың мөлшері;
3) микрокредиттi өтеу мерзiмдерi;
4) микрокредиттi өтеу тәсiлi (қолма-қол ақшамен және (немесе) қолма-қол ақшасыз тәртіппен, бiржолғы не бөліп-бөліп);
5) микрокредиттi өтеу әдiсi: аннуитеттік немесе сараланған не микрокредиттер беру қағидаларына сәйкес басқа да әдіс;
5-1) микрокредит бойынша берешекті өтеу кезектілігі;
5-2) негізгі борышты уақтылы өтемегені және сыйақыны төлемегені үшін тұрақсыздық айыбын (айыппұлды, өсімпұлды) есептеу тәртібі және мөлшері;
6) микрокредитті өтеу және сыйақы сомалары қамтылған кезекті төлемдерді өтеу күндері және мөлшерлері, келесі өтеу күніне микрокредит сомасының қалдықтары көрсетіле отырып, сондай-ақ микрокредит беру туралы шартқа қол қойылған күнгі микрокредиттің және сыйақының жалпы сомасы көрсетілген микрокредит беру туралы шарттың екі тарабы да қол қойған микрокредитті өтеу кестесі;
7) микрокредит беру туралы шарт бойынша (ол бар болса) қарыз алушының мiндеттемелердi орындауын қамтамасыз ету;
8) микрокредит бойынша сыйақы мөлшерлемелерінің мөлшері, оның ішінде жылдық сыйақы мөлшерлемесінің және осы Заңның 5-бабында белгіленген тәртіппен есептелген ЖТСМ (микрокредиттің нақты құны) мөлшері;
8-1) микрокредит беру туралы шарт тараптарының құқықтары мен міндеттері;
9) тараптардың жауапкершілігі;
10) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де талаптар қамтылады.
Берешек коллекторлық агенттікте сотқа дейін өндіріп алуға берген кезде МҚҰ:
біріншіден, сотқа берешекті өндіріп алу туралы талап қойып жүгінуге;
екіншіден, берешек коллекторлық агенттікте жұмыста болған кезеңде есепке жазылған сыйақыны төлеуді талап етуге, сондай-ақ негізгі борышты және сыйақыны уақтылы өтемегені үшін көрсетілген кезеңге тұрақсыздық айыбын (айыппұлды, өсімпұлды) есепке жазуға құқылы емес.
МҚҰ туралы заңның 4-бабының 4-1-тармағына сәйкес, микроқаржы ұйымы Микрокредит беру туралы шарт бойынша құқықты (талап етуді) үшінші тұлғаға берген кезде, қарыз алушының құқық (талап ету) берілген үшінші тұлғамен құқықтық қатынастарына Қазақстан Республикасының заңнамасында кредитордың қарыз алушымен микрокредит беру туралы шарт шеңберіндегі өзара қатынастарына қойылатын талаптар мен шектеулердің күші қолданылатыны белгіленген.
Өзіне құқық (талап ету) берілген үшінші тұлғаның Қазақстан Республикасының заңнамасында кредитордың қарыз алушымен микрокредит беру туралы шарт шеңберіндегі өзара қатынастарына қойылатын талаптар мен шектеулерді бұзуы Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа алып келеді.
Микрокредит беру туралы шарттарда МҚҰ туралы заңның 4-бабының 3-тармағының 1), 2), 3), 4), 5), 5-1), 5-2), 8) тармақшаларында және 4-тармағында көрсетілген талаптар шарттың бірінші бетінен бастап белгіленген жүйелілікпен көрсетілген.
2.МҚҰ-ның микрокредит беру және қызмет көрсетуге байланысты комиссиялар мен өзге де төлемдерді ұстап қалуына қатысты
МҚҰ туралы заңның 4-бабының 2-1-тармағына сәйкес Микрокредит беру туралы шартта микрокредит беруге және оған қызмет көрсетуге байланысты алуға жататын комиссиялар мен өзге де төлемдердің толық тізбесі, сондай-ақ олардың мөлшері қамтылады.
2016 жылғы 1 шілдеде ЖТСМ есептеу кезінде ескерілетін, жеке тұлғаға берілген банктік қарыз және микрокредит беруге және оларға қызмет көрсетуге байланысты комиссиялар мен өзге де төлемдердің тізбесі[4] бекітілді.
Осылайша, МҚҰ жеке тұлғалармен 2016 жылғы 1 шілдеден кейін жасасқан микрокредит беру туралы шарттар бойынша шарттарда Тізбеде көзделген комиссияларды ғана белгілеуге және ұстауға құқылы.
3.Микрокредиттер бойынша ЖТСМ-ның шекті мөлшеріне қатысты
МҚҰ туралы заңның 5-бабында Микрокредитті бергені, оған қызмет көрсеткені және оны өтегені (қайтарғаны) үшін микроқаржы ұйымына төленуге жататын сыйақыны, олар бар болса - комиссиялық және өзге де төлемдерді қамтитын, қарыз алушының шығыстарын ескере отырып есептелетін, микрокредит бойынша анық, жылдық, тиімді, салыстырмалы түрде есептелген сыйақы мөлшерлемесі ЖТСМ болып табылады.
Бұл ретте, №377 қаулыда[5] ЖТСМ-ның шекті мөлшері бекітілген, ол микрокредит беру туралы шартты жасау, микрокредитті берумен және қызмет көрсетумен байланысты сыйақы мөлшерлемесі өзгерген және (немесе) комиссиялар мен өзге төлемдер өзгерген немесе жаңадан енгізілген күні ЖТСМ-ның шекті мөлшері 56 (елу алты) пайыздан аспауға тиіс.
4.МҚҰ туралы заңда белгіленген шекті сомадан асатын сомада микрокредитті беруге қатысты
МҚҰ туралы заңның 3-бабына сәйкес МҚҰ республикалық бюджет туралы заңда бір қарыз алушыға тиісті қаржы жылына белгіленген айлық есептік көрсеткіштің сегіз мыңдық еселенген мөлшерінен асатын мөлшерде микрокредиттерді береді.
«2017-2019 жылға арналған республикалық бюджет туралы» Қазақстан Республикасының Заңында 2018 жылға айлық есептік көрсеткіш 2 405 теңге мөлшерінде белгіленген.
Қаржылық қызметтерді тұтынушыларға құқықтарыңыз бұзылған жағдайда:
- Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне:
- 050000, Алматы қ., Әйтеке би к-сі, 67, e-mail: info@kzp.nationalbank.kz мекенжайы бойынша жазбаша;
- құқықтық көмек алу үшін Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің мына мекенжайдағы Қоғамдық қабылдау бөлмесіне: Алматы қ., Әйтеке би к-сі, 67, анықтама үшін телефондар: +7 (727) 2619 213, +7 (727) 2788 104, ішкі 2061;
- Ұлттық Банктің Қоғамдық қабылдау бөлмесінің мобильді нұсқасы болып табылатын «ҚҰБ «Online» мобильді қосымшасының (бұл қосымша App Store және Play Market дүкендерінде мемлекеттік және орыс тілдерінде көшіріп алу үшін қолжетімді) «Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау» бөлімі;
- Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің филиалдарына (Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің сайтында «Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау» бөлімінде көрсетілген мекенжайлар бойынша
- қарыз алушының және банктің, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымының құқықтарын және заңмен қорғалатын мүдделерін қанағаттандыру жөніндегі келісімге келу мақсатында банк пен жеке тұлға-қарыз алушы арасындағы ипотекалық қарыз шартынан туындайтын келіспеушіліктерді реттейтін банк омбудсманына өтініш жасауға құқылы екендіктеріңізге назар аударамыз.
Банк омбудсманының деректемелері:
050013, Алматы қ., Республика алаңы, 15, 237-оф.
Телефондар: 7(727) 2500 344, 2500 322, 7 (707) 407 01 17,
Тел/факс: 7(727) 2500 344
е-mail: office@bank-ombudsman.kz
Сайт: www.bank-ombudsman.kz
[1] Микроқаржы ұйымдары
[2] Жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі
[3] Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексі
[4] «Жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесін есептеу кезінде ескерілетін, жеке тұлғаға берілген банктік қарыз және микрокредит беруге және оларға қызмет көрсетуге байланысты комиссиялар мен өзге де төлемдердің тізбесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2016 жылғы 30 мамырдағы № 134 қаулысы
[5] «Сыйақының жылдық тиімді мөлшерлемесінің шекті мөлшерін бекіту туралы» ҚР ҰБ Басқармасының 2012 жылғы 24 желтоқсандағы № 377 қаулысы