Ұлттық Банктің Монетарлық операциялар департаментінің директоры Әлия Молдабекова елдің валюта нарығындағы ахуалға түсініктеме берді.
Оның айтуынша, «соңғы күндері ішкі валюта нарығында теңгенің АҚШ долларына қатысты айырбастау бағамының жоғары құбылмалылығы байқалып отыр».
«Теңге шетел валюталарына қатысты әлсіреп отыр, - деді ол. – Мұнай бағасын қоспағанда, бағамның қалыптасуына іргелі факторлардың жиынтығы: негізгі сауда әріптестері елдері валюталарының бағамы, төлем балансының жай-күйі, инфляция деңгейі, ҚРҰБ базалық мөлшерлемесі, әлемдік пайыздық мөлшерлемелер және т.б әсер етуде. Алайда теңге бағамына және құбылмалылықтың өсуіне бірқатар факторлар, оның ішінде нарыққа қатысушылар күтулерінің күрт өзгеруі қысқа мерзімді сипатта әсер етуі мүмкін».
Ә. Молдабекова хабарлағандай, теңге бағамының ағымдағы серпіні бірінші кезекте АҚШ-тың Ресей Федерациясына қатысты қосымша санкцияларының теріс ықпалын күтумен, ахуалдың одан әрі даму белгісіздігіне, сондай-ақ Ресей рублінің тиісті серпінімен түсіндіріледі. БАҚ-тағы белгілі бір алыпсатарлық түсініктемелер АҚШ долларына жаппай сұранысты арттыруда.
«Ұлттық Банк теңгенің еркін өзгермелі айырбастау бағамы режимін ұстанады және айырбастау бағамының белгілі бір деңгейін таргеттемейді. Ұлттық Банк айырбастау бағамы күрт өзгеріп, ауытқыған жағдайларда өктемдіктер жүргізу құқығын сақтап қалады. Айырбастау бағамы валюта нарығындағы сұраныс пен ұсыныс негізінде, екінші деңгейдегі банктердің нарықтық талаптармен қатысуымен қалыптасады», - деп атап өтті ол.
«Айырбастау бағамының ауытқуы іргелі және қысқа мерзімді факторлардың жиынтығына қарай бағамның қандай да бір жаққа қарай өзгеруін болжайды. Бағамның ағымдағы серпіні көбіне алыпсатарлық факторлармен байланысты екенін ескере отырып, Ұлттық Банк халықтың шетел валютасын сатып алуын орынсыз деп санайды», - деп түйіндеді Ә. Молдабекова.