1. 2017 жылғы маусымдағы инфляция және инфляциялық күтулер
Қазақстан Республикасында инфляция 2017 жылғы маусымда 0,4%, ағымдағы жылдың басынан бері – 3,7% болды.
Жылдық көрсеткіш бойынша инфляция 7,5% деңгейінде сақталды және 2017 жылға арналған 6-8% нысаналы дәліз шегінде болуын жалғастыруда. Азық-түлік тауарларының бағасы жылдық көрсеткіште 9,7%-ға, азық-түлікке жатпайтын тауарлар – 7,7%-ға, ақылы қызметтер – 4,8%-ға көтерілді.
Халық арасында жүргізілген пікіртерім нәтижелері бойынша инфляцияның бір жылдан кейін күтілетін сандық бағасы 2017 жылғы маусымда 6,4% болды.
2. 2017 жылғы маусымдағы халықаралық резервтер және ақша агрегаттары
2017 жылғы маусымда Ұлттық Банктің жалпы халықаралық резервтері 30,0 млрд. АҚШ долларын құрады, оның ішінде шетел валютасындағы активтер - 18,9 млрд. АҚШ долларын, алтындағы активтер бағасының - 11,2 млрд. АҚШ долларын құрады.
Үкіметтің Ұлттық Банктегі шоттарына валютаның түсуі және клиенттердің шетел валютасындағы ағымдағы шоттарындағы қалдықтардың ұлғаюы Ұлттық қордың активтерін толықтыру және Үкіметтің сыртқы борышына қызмет көрсету бойынша операциялар, банктермен жасалған валюталық-пайыздық своп операцияларының бір бөлігін аяқтау операцияларымен бейтараптандырылды. Сондай-ақ банктердің корреспонденттік шоттарындағы шетел валютасындағы қалдықтар төмендеді және ішкі валюта нарығында валюталарды сату жүзеге асырылды.
Ұлттық қордың шетел валютасындағы активтерін қоса алғанда, елдің халықаралық резервтері (62,2 млрд. АҚШ доллары) 2017 жылғы маусымда 92,2 млрд. АҚШ долларына дейін 1,1%-ға төмендеді.
2017 жылғы маусымда ақша базасы 6,5%-ға тарылып, 5 173,9 млрд. теңгені құрады. Тар ақша базасы, яғни екінші деңгейдегі банктердің Ұлттық Банктегі мерзімді депозиттерін есептемегендегі ақша базасы 4 862,3 млрд. теңгеге дейін 2,3%-ға тарылды.
2017 жылғы маусымда ақша массасы 19 690,7 млрд. теңгеге дейін 1,2%-ға ұлғайды, айналыстағы қолма-қол ақша 1 830,7 млрд. теңгеге дейін 5,1%-ға ұлғайды.
3. Ұлттық Банктің ақша-кредит саясаты саласындағы операциялары
Ұлттық Банктің операциялары ақша-кредит саясатын жүргізу мақсаттарына және артық өтімділікпен сипатталған ақша нарығындағы ахуалға байланысты болды.
6 маусымнан бастап базалық мөлшерлеме симметриялық +/-1% дәлізі сақтала отырып, 11%-дан 10,5%-ға дейін төмендетілді.
Қазақстан Ұлттық Банкінің қысқа мерзімді ноттары. Қысқа мерзімді ноттар эмиссиясының көлемі 2017 жылғы маусымда 5 467,9 млрд. теңгені құрады. 29 аукцион өткізілді, оның ішінде 22 аукцион 4 967,5 млрд. теңге сомаға 7 күндік ноттарды орналастыру бойынша, 4 аукцион 358,2 млрд. теңге сомаға 1 айлық ноттарды орналастыру бойынша, 1 аукцион 60,0 млрд. теңге сомаға 3 айлық ноттарды орналастыру бойынша, 1 аукцион 32,2 млрд. теңге сомаға 6 айлық ноттарды орналастыру бойынша және 1 аукцион 50,0 млрд. теңге сомаға 1 жылдық ноттарды орналастыру бойынша өткізілді.
Орташа алынған кірістілік орналастырылған 7 күндік ноттар бойынша 9,89%-ды, 1 айлық ноттар бойынша 9,74%-ды, 3 айлық ноттар бойынша 9,31%-ды, 6 айлық ноттар бойынша 9,29%-ды, 1 жылдық ноттар бойынша 8,91%-ды құрады.
Айналыстағы ноттардың көлемі 2017 жылғы маусымның соңында 2 914,2 млрд. теңгені құрады.
2017 жылғы маусымның қорытындысы бойынша Ұлттық Банктің қысқа мерзімді ноттары бойынша кірістіліктің төмендеуі салдарынан бүкіл кірістілік қисығының қысқа мерзімді секторы бойынша кірістіліктердің төмендеуі байқалып отыр.
Тұрақты қолжетімді ақша-кредит саясатының құралдары. Маусымда Ұлттық Банк артық өтімділікті алу бойынша операцияларын жалғастырды. 30 маусымдағы жағдай бойынша Ұлттық Банктің операцияларының сальдосы (Ұлттық Банктің ашық позициясы) 2,4 трлн. теңгені құрады. Артық өтімділіктің негізгі бөлігі қысқа мерзімді ноттарды орналастыру арқылы алынуда. Маусымда айналыстағы ноттардың көлемі 7,2%-ға өсіп 2,9 трлн. теңгені құрады. Ұлттық Банктің тікелей РЕПО операциялары бойынша ашық позициясы – 60,7 млрд. теңге, кері РЕПО операциялары бойынша – 291,8 млрд. теңге, Ұлттық Банктегі банктердің депозиттері бойынша 271,3 млрд. теңгені құрады.
Ақша нарығындағы ақша-кредит саясатының операцияларын жүргізу кезінде таргеттелетін (нысаналы) мөлшерлеме болып табылатын TONIA индикаторын[1] қалыптастыру негізінен базалық мөлшерлеменің пайыздық дәлізінің төменгі шегіне жақын болды. 2017 жылғы маусымда осы индикатордың орташа алынған мәні жылдық 9,60% деңгейінде (2017 жылғы мамырда – 10,07%) қалыптасты.
4. 2017 жылғы маусымдағы валюта нарығы
2017 жылғы маусымда теңгенің айырбастау бағамы бір АҚШ доллары үшін 312,35-327,63 теңге аралығында өзгерді. 2017 жылғы маусымның соңында теңгенің АҚШ долларына қатысты биржалық бағамы бір айда 3,2%-ға әлсіреп (жыл басынан 3,3%-ға нығайып), бір АҚШ доллары үшін 322,27 теңге болды.
2017 жылғы маусымда теңгенің ішкі валюта нарығындағы өсіп отырған құбылмалылығын шектеу үшін Ұлттық Банк 101 млн. АҚШ доллары мөлшеріндегі сатуды жүзеге асыра отырып, АҚШ долларына артық сұранысты қанағаттандыру туралы шешім қабылады. Көрсетілген өтемдік көлемі 2017 жылғы маусымдағы сауда-саттықтың жалпы көлемінің 2,9%-ын құрады.
2017 жылғы маусымда KZT/USD валюталық жұбы бойынша операциялардың жалпы көлемі 6,7%-ға ұлғайып, 13,5 млрд. АҚШ долларын құрады, оның ішінде Қазақстан қор биржасындағы биржалық сауда-саттықтың көлемі бір айда 3,5 млрд. АҚШ долларына дейін 4,7%-ға, биржадан тыс валюта нарығында операциялардың көлемі 10,0 млрд. АҚШ долларына дейін 7,51%-ға ұлғайды.
2017 жылғы маусымда халықтың қолма-қол АҚШ долларын нетто-сатып алуының көлемі айырбастау пункттерінде 316,0 млн. АҚШ долларын құрады.
5. 2017 жылғы маусымның соңындағы жағдай бойынша депозит нарығы
Резиденттердің депозиттік ұйымдардағы депозиттерінің көлемі бір айда 0,9%-ға ұлғайып, 2017 жылғы маусымның соңында 17 860,1 млрд. теңгені құрады. Заңды тұлғалардың депозиттері 10 058,3 млрд. теңгеге дейін 0,7%-ға қысқарды, жеке тұлғалардың депозиттері 7 801,8 млрд. теңгеге дейін 3%-ға ұлғайды.
2017 жылғы маусымның соңындағы жағдай бойынша ұлттық валютадағы депозиттердің көлемі 9 021,4 млрд. теңгені (бір айда 1,6%-ға ұлғайды), шетел валютасындағы депозиттер негізінен теңгенің әлсіреуі нәтижесінде валюталық қайта бағалау есебінен бір айда 8 838,6 1, 6 млрд. теңгеге дейін 3,5%-ға өсті. Долларлану деңгейі маусымда 48,2%-дан 49,5%-ға өсті. Төрт ай қатарынан ұлттық валютадағы депозиттердің көлемі шетел валютасындағы депозиттердің көлемінен артып түсуде.
Заңды тұлғалардың ұлттық валютадағы депозиттері 2017 жылғы маусымда 4,9%-ға қысқарып, 5 486,2 млрд. теңге болды, шетел валютасындағы депозиттері 4 572,1 млрд. теңгеге дейін (заңды тұлғалар депозиттерінің 45,5%-ы) 4,8%-ға ұлғайды.
Жеке тұлғалардың теңгемен депозиттері 2017 жылғы маусымда 4,0%-ға ұлғайып, 3 535,2 млрд. теңгені құрады, шетел валютасымен депозиттер 2,1%-ға өсіп,
4 266,6 млрд. теңге (жеке тұлғалар депозиттерінің 54,7%-ы) болды.
Мерзімді депозиттер маусымда 0,9%-ға қысқарды және 11 931,9 млрд. теңгені құрады. Мерзімді депозиттер құрылымында ұлттық валютамен салымдар 5 841,2 млрд. теңге (бір айда 1,1%-ға ұлғайды), шетел валютасымен салымдар 6 090,7 млрд. теңге болды (бір айда 2,8%-ға төмендеді).
2017 жылғы маусымда банктік емес заңды тұлғалардың ұлттық валютамен мерзімді депозиттері бойынша орташа алынған сыйақы мөлшерлемесі 8,2% (2016 жылғы желтоқсанда – 10,5%), жеке тұлғалардың депозиттері бойынша 12,4% (12,2%) деңгейінде қалыптасты.
6. 2017 жылғы маусымның соңындағы жағдай бойынша кредит нарығы
Банктердің экономиканы кредиттеуінің көлемі 2017 жылғы маусымның соңында бір ай ішінде 0,8%-ға ұлғайып, 12 701,6 млрд. теңгені құрады. 2017 жылғы маусымда заңды тұлғаларға берілген кредиттердің көлемі 8 489,9 млрд. теңгеге дейін 0,2%-ға, жеке тұлғаларға берілген кредиттер көлемі 4 211,7 млрд. теңгеге дейін 2,0%-ға ұлғайды.
Ұлттық валютамен берілген кредиттердің көлемі бір айда 9 034,8 млрд. теңгеге дейін 1,5%-ға ұлғайды. Олардың құрылымында заңды тұлғаларға берілген кредиттер 1,0%-ға, ал жеке тұлғаларға берілген кредиттер 2,2%-ға өсті. Шетел валютасымен берілген кредиттердің көлемі 3 666,9 млрд. теңгеге дейін 1,0%-ға қысқарды, оның ішінде заңды тұлғаларға берілген кредиттер 1,1%-ға, жеке тұлғаларға берілген кредиттер 0,3%-ға төмендеді. Теңгемен берілген кредиттердің үлес салмағы бір айда 70,6%-дан 71,1%-ға дейін ұлғайды.
Ұзақ мерзімді кредиттер көлемі 2017 жылғы маусымның соңында 10 677,7 млрд. теңгеге дейін 1,1%-ға ұлғайды, қысқа мерзімді кредиттер көлемі 2 023,9 млрд. теңгеге дейін 1,2%-ға төмендеді.
Шағын кәсіпкерлік субъектілерін кредиттеу 2017 жылғы маусымда 3 110,1 млрд. теңгеге дейін 2,2%-ға (экономикаға берілген кредиттердің жалпы көлемінің 24,5%-ы) ұлғайды.
Салалар бойынша банктердің экономикаға берген кредиттерінің ең қомақты сомасы сауда (жалпы көлемдегі үлесі – 19,0%), өнеркәсіп (13,9%), құрылыс (7,7%), ауыл шаруашылығы (5,9%) және көлік (4,6%) сияқты салаларға тиесілі.
2017 жылғы маусымда банктік емес заңды тұлғаларға ұлттық валютамен берілген кредиттер бойынша орташа алынған сыйақы мөлшерлемесі 14,0% (2016 жылғы желтоқсанда – 14,5%), жеке тұлғаларға берілген кредиттер бойынша орташа алынған сыйақы мөлшерлемесі 18,6% (18,4%) болды.
7. 2017 жылғы маусымның соңындағы төлем жүйелері
2017 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша Қазақстан Республикасының аумағында 19 төлем жүйесі, оның ішінде Ұлттық Банктің төлем жүйелері, ақша аудару жүйелері, төлем карточкаларының жүйелері мен өзге де төлем жүйелері жұмыс істейді.
2017 жылғы қаңтар-маусымда Ұлттық Банктің төлем жүйелері (Банкаралық ақша аудару жүйесі мен Банкаралық клиринг жүйесі) арқылы 418 948,9 млрд. теңге сомасына 16,7 млн. транзакция жүргізілді. 2016 жылғы ұқсас кезеңмен салыстырғанда аталған төлем жүйелеріндегі төлемдердің саны 3,6%-ға азайды, төлемдер сомасы 56,1%-ға ұлғайды. Орташа алғанда, бір күн ішінде Ұлттық Банктің төлем жүйелері арқылы 3 462,4 млрд. теңге сомасына 137,7 мың транзакция жүргізіледі.
2017 жылғы қаңтар-маусымда жеке ақша аудару жүйелері арқылы 213,1 млрд. теңге сомасына 1,3 млн. транзакция жүргізілді (жөнелтілді), 2016 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда ақша аудару көлемдері 24%-ға өсті. Көптеген жағдайда, ақша аудару жүйелерін ел тұрғындары Қазақстанның шегінен тыс жерлерге ақша аудару үшін пайдаланады: шетелге жіберілген төлемдер мен ақша аудару үлесі транзакция жүйелері арқылы жіберілген жалпы мөлшердің 95,4%-ын (1,2 млн. транзакцияны) және жалпы соманың 91,1%-ын (203,3 млрд. теңгені) құрады.
2017 жылғы қаңтар-маусымда қазақстандық эмитенттердің төлем карточкаларын пайдалан отырып жүргізілген операциялардың көлемі 6,1 трлн. теңге сомасына 204,8 млн. транзакцияны құрады (2016 жылғы осыған ұқсас кезеңмен салыстырғанда транзакциялар саны 31,8%-ға, ал сомасы – 26,6%-ға ұлғайды). 2016 жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда қазақстандық эмитенттердің төлем карточкаларын пайдалана отырып жүргізілген операциялардың жалпы құрылымында қолма-қол ақшасыз жасалған төлемдер саны 34,8%-дан 44,7%-ға дейін өсті, операциялар көлемінің үлесі 14,6%-дан 18,7%-ға өсті.
Бұл ретте, 2017 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша Қазақстан Республикасында төлем карточкаларының шығарылымын 25 банк пен «Қазпочта» АҚ жүзеге асырды, шығарылған және таратылған төлем карточкаларының жалпы саны 16,7 млн. бірлікті құрады.
2017 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша төлем карточкаларына қызмет көрсету желісі мынадай: 9,7 мың банкомат, 120,8 мың POS-терминал, 968 банк дүңгіршегі. 2017 жылғы 1 шілдеде Қазақстанда төлем карточкалар арқылы төлемді қабылдайтын 73,2 мың сауда кәсіпорындары жұмыс істеді, бұл олардың 2016 жылғы 1 шілдедегі санынан 29%-ға асып кетті.
8. 2017 жылғы маусымдағы банк секторы
2017 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша Қазақстан Республикасының банк секторын 33 банк құрайды.
Банк секторының жиынтық активтері 2017 жылғы 1 шілдеде ағымдағы жылдың басынан бастап 1,6%-ға төмендеп, 25 141,6 млрд. теңгені құрады. Активтердің құрылымында ең көп үлесті кредиттер – 57,7%, бағалы қағаздар портфелі – 13,3%, қолма-қол ақша, тазартылған бағалы металдар мен корреспонденттік шоттар – 11,6% иеленді.
90 күннен астам мерзімі өткен берешегі бар кредиттердің (NPL) көлемі 1 663,0 млрд. теңгені немесе несие портфелінің 10,7%-ын құрады.
Несие портфелі бойынша провизиялар 1 734,4 млрд. теңге немесе несие портфелінің 11,2%-ы (2017 жылдың басында – 1 642,9 млрд. теңге немесе 10,6%) мөлшерінде қалыптастырылды.
Банк секторының жиынтық міндеттемелерінің мөлшері 2017 жылғы 1 қаңтармен салыстырғанда 2,5%-ға азайып, 2017 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша 22 148,7 млрд. теңгені құрады. Банктер міндеттемелерінің құрылымында ең жоғары үлесті клиенттердің салымдары – 75,9%, айналысқа шығарылған бағалы қағаздар – 6,4%, басқа банктерден және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардан алынған қарыздар – 6,6% иеленеді.
Жиынтық міндеттемелерде банктердің Қазақстан Республикасының бейрезиденттері алдындағы міндеттемелері 2017 жылдың басынан бастап
7,4%-дан 5,6%-ға дейін (немесе 1 687,5 млрд. теңгеден 1 237,9 млрд. теңгеге дейін) төмендеді.
2017 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша банк секторының жиынтық меншікті капиталы 2017 жылғы қаңтар-маусым аралығында 5,4%-ға ұлғайып, 2 993,0 млрд. теңге болды.
Екінші деңгейдегі банктер ағымдағы жылдың басынан алған таза пайда (ағымдағы кірістің ағымдағы шығыстан асуы) 204,0 млрд. теңге (2016 жылғы осындай кезеңде – 204,6 млрд. теңге) болды.
Екінші деңгейдегі банктердің таза пайыздық маржасы және пайыздық спрэді 2017 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша тиісінше 4,5% және 3,8%-ды құрады.
9. 2017 жылғы маусымдағы сақтандыру секторы
2017 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша сақтандыру секторында 32 сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы жұмыс істейді.
Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдары активтерінің жиынтық көлемі 2017 жылғы 1 шілдеде 895,4 млрд. теңге болды, жыл басынан бері 4,5%-ға ұлғайды.
Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының міндеттемелері 496,2 млрд. теңге болды, жыл басынан бері 9,2%-ға өсті.
Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдары қолданыстағы сақтандыру және қайта сақтандыру шарттары бойынша қабылданған міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз ету үшін қалыптастырған сақтандыру резервтерінің көлемі жыл басымен салыстырғанда 8,6%-ға өсіп, 448,3 млрд. теңгені құрады.
Меншікті капитал 399,1 млрд. теңгені құрады, жыл басынан 0,7%-ға азайды.
Сақтандыру сыйлықақылары 2017 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша 2016 жылғы осындай көрсеткішпен салыстырғанда 3,3%-ға ұлғайды және 204,4 млрд. теңге құрады, оның ішінде тікелей сақтандыру шарттары бойынша қабылданған сақтандыру сыйлықақыларының көлемі 183,6 млрд. теңге болды.
2017 жылғы алты айдың қорытындысы бойынша «өмірді сақтандыру» саласы бойынша сақтандыру сыйлықақылары 32,4 млрд. теңгені құрады, бұл 2016 жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 35,6%-ға артық. «Өмірді сақтандыру» саласы бойынша жинақталған сақтандыру сыйлықақыларының жиынтық сақтандыру сыйлықақыларындағы үлесі 2016 жылғы 1 шілдедегі 12,1%-ға қарағанда 15,9% болды.
Қайта сақтандыруға берілген сақтандыру сыйлықақыларының көлемі
75,2 млрд. теңгені немесе сақтандыру сыйлықақыларының жиынтық көлемінің 36,8%-ын құрады. Бұл ретте қайта сақтандыруға берілген сақтандыру сыйлықақыларынан 87,2%-ы Қазақстан Республикасының бейрезиденттеріне қайта сақтандыруға берілді.
2017 жылдың басынан бері төленген сақтандыру төлемдерінің жалпы көлемі (қайта сақтандыруға қабылданған шарттар бойынша жүзеге асырылған сақтандыру төлемдерін шегергенде) 38,5 млрд. теңге болды, ол 2016 жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 3,8%-ға аз.
10. 2017 жылғы қаңтар-маусымдағы зейнетақы жүйесі
Салымшылардың (алушылардың) зейнетақы жинақтары 2017 жылғы қаңтар-маусымда 450,1 млрд. теңгеге (6,7%) ұлғайып, 2017 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша 7 135,3 млрд. теңгені құрады.
2017 жылғы қаңтар-маусым аралығындағы кезеңде зейнетақы активтерін инвестициялаудан түскен «таза» кіріс 205,7 млрд. теңгеге ұлғайды, оның мөлшері 2017 жылғы 1 шілдеде 2 430,0 млрд. теңге болды.
Міндетті зейнетақы жарналары бойынша салымшылардың жеке зейнетақы шоттарының саны (зейнетақы жинақтары жоқ ЖЗШ-ны есептемегенде) 2017 жылғы
1 шілдеде 9,4 млн. шотты құрады.
Зейнетақы төлемдерінің сомасы 2017 жылғы қаңтар-маусымда 121,2 млрд. теңгені құрады.
БЖЗҚ-ның жиынтық инвестициялық портфелінің негізгі үлесін 2017 жылғы
1 шілдеде бұрынғыдай, ҚР-ның мемлекеттік бағалы қағаздары мен ҚР эмитенттерінің корпоративтік бағалы қағаздары құрайды (зейнетақы активтерінің жалпы көлемінің тиісінше 42,4%-ы және 33,5%-ы). Өз кезегінде, банктердегі салымдардың үлесіне зейнетақы активтерінің жалпы көлемінен 8,5%-ы тиесілі болды.
[1] биржада МБҚ-мен автоматты РЕПО секторында жасалған, РЕПО-ны мерзімі бір жұмыс күніне ашу мәмілелері бойынша орташа алынған пайыздық мөлшерлеме