Дебюттік әлеуметтік облигациялар Қазақстанда орналастырылды

Дебюттік әлеуметтік облигациялар Қазақстанда орналастырылды

Қазақстанда алғаш рет «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ жаңа қаржы құралын – Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі ағымдағы жылғы қыркүйектің басында тіркеген әлеуметтік облигацияларды орналастырды. Орналастырылған бағалы қағаздардың жалпы сомасы 1 млрд теңгені құрады, өтеу мерзімі – 5 жыл, кірістілігі – 11,9%, купонды төлеу кезеңділігі – жылына 2 рет.

Орнықты даму қағидаттарына бағдарланған әлеуметтік облигациялардың дебюттік шығарылымы «Қазақстан қор биржасы» АҚ-тың (KASE) алаңында жүзеге асырылды және оны жергілікті институционалдық инвесторлар сатып алды. Halyk Finance мәміленің брокері және андеррайтері болды. Әлеуметтік облигациялардан қаражатты COVID-19 пандемиясы кезінде экономиканың барынша зардап шеккен секторларынан шағын және орта бизнесті екінші деңгейдегі банктер, микроқаржы ұйымдары немесе лизингтік компаниялар арқылы қаржыландыруға жұмсау жоспарланып отыр. Бұл шығарылым Халықаралық капитал нарықтары қауымдастығының (ICMA) әлеуметтік облигациялары қағидаттарына (SBP) толығымен сәйкес келеді, ол «Эксперт РА» рейтингтік агенттігі» АҚ-тың тәуелсіз қорытындысымен расталған.

Орнықты даму қағидаттары үш негізгі құрауыштан – қаржыландырудың экологиялық, әлеуметтік және корпоративтік (Environmental, Social, Governance – ESG) бағыттардан тұрады.

«Даму» қорының облигациялары әлеуметтік қағидаттарға сәйкес келетін, Қазақстан қор биржасындағы алғашқы бағалы қағаздар болып табылады. Шағын және орта бизнесті орнықты дамыту жөніндегі миссияны іске асыру мақсатында «Даму» қоры COVID-19 пандемиясынан барынша зардап шеккен экономика секторларына қолдау көрсетуді жоспарлап отыр. Мұндай орналастыру капитал нарығына қаржыландыру тарту және инвесторлық базаны кеңейту мүмкіндігі ғана емес, нарық үшін орнықты даму қағидаттарына негізделген жаңа қаржы құралын енгізу мүмкіндігі болып табылады», - деп түсіндірді «Даму» қорының Басқарма Төрағасы Гауһар Бурибаева.

«Жаңа құрал экономиканы қаржыландыруда ESG қағидаттарын ілгерілету бойынша бірлескен бастамалар аясында шығарылды.  Күн сайын біз осы сегменттегі өсуді байқаймыз деп үміттенеміз, себебі  әлемдегі эмитенттердің едәуір саны заманауи әлемнің барлық сын-қатерлеріне жауап беруге тырысып, олардың экологияның жаһандық мәселелеріне қосқан үлестері ғана емес, сонымен қатар өздерінің тиімді және орнықты даму мүмкіндіктері де осыған байланысты болатынын түсінеді, - деп атап өтті Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Төрағасы Мәдина Әбілқасымова.

Әлеуметтік облигациялар нарығының мақсаты – әлеуметтік проблемаларды шешуге бағытталған жобаларды қаржыландыруға арналған борыштық құралдарды дамыту. Бұл жағдайда оң әлеуметтік әсерге қазіргі жұмыс орындарын сақтау және жаңа жұмыс орындарын қалыптастыру есебінен қол жеткізілетін болады.

«KASE Қазақстанда  ESG  стандарттарын белсенді түрде ілгерілетуде. Біз листингтік талаптарды әзірлеп, жасыл, әлеуметтік және өзге де облигациялар үшін жеңілдік талаптарын, сондай-ақ верификаторлар – ESG-жобаларына тәуелсіз бағалауды жүзеге асыра алатын компаниялар үшін өлшемшарттарды айқындадық. Бүгінгі күні KASE – бұл осындай жобаларды қаржыландыруға арналған сындарлы алаң. «Даму» қорының әлеуметтік облигацияларының шығарылымын «Эксперт РА» рейтингтік агенттігі KASE-бен меморандум шеңберінде анықтап тексерді. Әлеуметтік облигациялардың дебюттік шығарылымы басқа эмитенттерге қор нарығын халықаралық стандарттарға сәйкес келетін сапалы құралдармен толтыруға жақсы үлгі болады деп үміттенеміз», - деп айтты Қазақстан қор биржасының Басқарма Төрағасы Алина Алдамберген.

Бұған дейін, 2020 жылғы тамызда «Даму» қоры пилоттық «жасыл облигациялар» шығарған болатын.

Соңғы жаңалықтар

Валюталардың ресми (нарықтық) бағамдары

Теңгенің шетел валюталарына ресми (нарықтық) бағамдары туралы ақпарат

Валюталардың ресми (нарықтық) бағамдары

Теңгенің шетел валюталарына ресми (нарықтық) бағамдары туралы ақпарат

Назар аударыңыз! Жіберілетін жауаптар ақпараттық-түсіндіру сипатында және ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің ресми жауаптары болып табылмайды. Қосымшада жаңалықтар жолағы және сілтемелер бар, бұл халықтың қаржы саласындағы соңғы жаңалықтардан мен маңызды оқиғалардан хабардар болуына мүмкіндік береді.

 

© Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі, 2020

finreg.kz